«RUH.KZ» ақпараттық-танымдық порталының Бас редакторы тағайындалды

«RUH.KZ» ақпараттық-танымдық порталының Бас редакторы қызметіне Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, ақын Арман Шеризат тағайындалды.

Ол бұған дейін «Әдебиет порталы» интернет-жобасында, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде тілшілік қызметтер атқарып, мол тәжірибе жинақтаған маман. Журналистік жолда әдеби, танымдық мақалалары мен «Бір суреттің тарихы» видеосұхбаты, «Еркін сөз» аудиоподкасты арқылы көзге түсті. Әдебиеттегі қадамын өлеңнен бастап жастай шығармашылық жолды таңдаған азамат бүгінде «Тәңірқұт», «Күміс шық» атты қос бірдей жыр жинақтың авторы.

«Ruh.kz» ақпараттық-танымдық сайты  2017 жылдың қыркүйек айында құрылып, «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтына 2020 жылғы 4 мамырда берілді.

Портал жұмысының негізгі мақсаты – идеологиялық құндылықтарды насихаттау.

Сайт контенті интеллектуалды, мәдени және рухани бағыттағы тақырыптарды қамтитын материалдардан тұрады. Жарияланатын материалдардың негізгі форматы – елдің тарихи-мәдени дамуына ерекше үлес қосқан көрнекті қайраткерлер мақалалар, фоторепортаждар, бейне бағдарламалар мен инфографикалар. Жанрлары: жаңалықтар, мақалалар, сұхбаттар және т.б. Сонымен қатар, сайтта танымдық авторлық мақалалар, жастар, экология, ғылым, технологиялар, волонтерлік және жастардың әлеуетін дамытуға, оларды бәсекеге қабілеттілік пен патриотизмге бағыттайтын материалдар жарияланады.

2020 жылы сайтты жаңарту және оның функцияларын жетілдіру бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді, контент ескі нұсқадан сайттың жаңа платформасына толығымен көшірілді, жаңа бөлімдер құрылды. Қазіргі уақытта осы бағыттағы жұмыстар жалғасуда.