«Qazcontent» АҚ пен Мемлекет тарихы институты байланысты нығайта түсті
Бүгін «Qazcontent» АҚ пен Мемлекет тарихы институты екі жақты қарым–қатынасты нығайту мақсатында меморандумға қол қойды. «Qazcontent» АҚ тарапынан Басқарма төрағасы Бекзат Жүсіпов, екінші тараптан Мемлекет тарихы институтының директоры Нұрбек Пұсырманов қол қойды.
Мақсат – ұлттық тарихты электронды форматта насихаттап келе жатқан Qazaqstan tarihy интернет-жобасының аудитория кеңістігін арттырып, порталды тарих мәселелері жайындағы орталық ХАБ-қа айналдыру, сондай-ақ қызметкерлердің кәсіби дағдыларын арттыру, ақпараттық, әдістемелік саладағы ынтымақтастықты қамтамасыз ету мәселелері қарастырылған.
«Qazcontent» АҚ Басқарма төрағасы Бекзат Жүсіпов төл тарихымызды, әдебиетімізді қоғамға қарасты сайттарында тұрақты насихаттап келе жатқанын тілге тиек етті. Сонымен бірге жас тарихшы ғалымдарға қолдау көрсетіп, олардың мақала, зерттеу еңбектерін портал бетінде жариялауға мүмкіндік туып отырғандығын атап өтті.
«Qazaqstan tarihy» порталы ресми түрде 2013 жылы 25 қыркүйегінде құрылған. Портал «Qazcontent» АҚ-ның заманауи, цифрлы, гуманитарлық интернет-өнімі. Қазіргі интернет кеңістікте біздің елімізге, оның мәдениеті мен тарихына деген тұрақты қызығушылық қалыптасқан. Сондықтан портал шетелдік азаматтар мен қазақстандықтарға қазақ тарихын, мәдениеті мен дәстүрлерін, әдебиетін жан-жақты насихаттап келеді. Сайт контенті қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде ұсынылған. Мақала авторлары – порталдың журналистері және белгілі тарихшылар, ғалымдар, мұрағатшылар, археологтар және тарих саласының басқа да мамандары.
Өз кезегінде Мемлекет тарихы институтының директоры Нұрбек Пұсырманов портал ел тарихын насихаттауда басты ақпараттық құрылым болып отырғандығын атап өтті. Сондай-ақ тарих және мәдениет саласындағы ұйымдар мен институттардың e-history.kz порталымен бірлесе жұмыс істеуі маңызды екенін айтты.
«Қазақстан тарихы» порталы сенімді дереккөз ретінде цифрлық тарихи материалды, тарихи мәселелерді, энциклопедиялық анықтамалықты ұсыну және ұлттық тарих пен мәдениетті танымал ету бойынша еліміздегі негізгі ақпараттық арна болып отыр. Шынында да еліміздегі тарихқа қатысты барлық мәселелерді бір жерге шоғырландыру, ұлттық тарихымызды дұрыс насихаттау сіз бен біздің басты міндеміз. Қазір білесіздер тарихты кез-келген адам айтатын болды. Сондықтан негізгі шынайы ақпараттық, ғылыми зерттеулерді біз айтып, оны e-history.kz сияқты бір медиаға жинақтауымыз күн тәртібінің басты мәселесі. Ол жұмыстарды жасауда еліміздегі тарих және мәдениет саласындағы жетекші институттарын, ЖОО бірлесуге шақырамын» – деді Мемлекет тарихы институтының басшысы.
Меморандум аясында Qazaqstan tarihy мен Мемлекет тарихы институты бірлескен медиа жобаларды жүзеге асырмақшы.