ЖАҢАЛЫҚТАР
БАҚ өкілдері арасындағы турнирде Qazcontent екінші орын иеленді

Елордада БАҚ өкілдері арасында турнир өтті, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.

Додаға 8 команда қатысты.

Әу баста командалар жеребе бойынша екі топқа бөлінді.

«А» тобында «7 арна», «Айқын» газеті, «Qazcontent» агенттігі, «Комментатор» командалары ойнаса, «В» тобында «Atameken business» телеарнасы, «Хабар» Агенттігі, «Егемен Қазақстан» газеті және «Қазмедиа» орталығы өнер көрсетті.

Қос топтан жартылай финалға «Қазмедиа» - «7 арна», «Qazcontent» - «Atameken business» командалары шықты. Ал бас жүлдеге «Қазмедиа» мен «Qazcontent» таласты. Өте тартысты өткен ойын екі сетпен аяқталса да, командалар аянып қалған жоқ. Соңына дейін қайсысының жеңімпаз болары белгісіз болды. Дегенмен, бас кубок «Қазмедиаға» бұйырды. Үшінші орынды «Atameken business» ойыншылары еншілесе, жұбаныш жүлдесін «7 арна» алды.

БАҚ өкілдерінің басын қосқан турнирде ешкім жүлдесіз қалған жоқ. Чемпион команда 300 мың теңгеге ие болса, 2-орын иегері 200 мың теңгені еншілеп, үздік үштікті түйіндеген ұжым 100 мың теңгемен марапатталды. Тіпті, 4-орын алған командаға да жұбаныш ретінде 70 мың теңгенің сертификаты берілді. Сондай-ақ, 6 номинация бойынша жекелеген ойыншылар 40 мың теңгеден иеленді.

Айта кеткен жөн, турнир Зейнолла Сәнік атындағы Мәдениет қорының жүлдесі үшін "Хабар 24" телеарнасының 10 жылдық мерейтойына арналды.

SANIK CUP - 2022:

1-орын: Қазмедиа
2-орын: Qazcontent
3-орын: Atameken business
4-орын: 7 арна

Ерлер арасындағы үздік ойыншы: Есенбол Иманғазы (Хабар)

Қыздар арасындағы үздік ойыншы: Асема Абдраимова (Қазмедиа)

Құрмет номинациясы: Әскер  Приев (Егемен Қазақстан)

Үздік шабуылдаушы: Аяулым Қанағат (Комментатор)

Үздік тосқауылшы: Эльдар Аманбаев (Qazcontent)

Үздік пас шығарушы: Анар Қоныс (Айқын)

Зейнолла Сәнік атындағы арнайы жүлде: Фариза Саржанова (Қазмедиа)