«Qazcontent» АҚ қызметкерлері Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығына донор болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
«Qazcontent» АҚ басқарма төрағасы Бекзат Жүсіповтың тапсырмасымен ұйымдастырылған акция аясында қан орталығынан құрылған топ арнайы компания ғимаратына келіп, қызметкерлерден қан алды.
Қан орталығына хабарласып, «компания қызметкерлері донор болғысы келеді» деп айтуға болады. Егер қан тапсыратын адам саны 25-тен асса, мамандар тобы қажетті құрылғылары мен жабдықтарын түгендеп, сіздің жұмыс орыныңызға келеді. Бүгін бұл акцияны бірінші рет жасап тұрмыз. Қан тапсыруды екі айда бір ұйымдастырып тұруға болатын сауапты іс деп санаймын, – деді ұйымдастырушы Нұртай Башенов.
Қан тапсыруға ниетті қызметкерлер алдымен анкета толтырып, қан талдауынан өтті. Кейіннен талдау мен анкета нәтижелерімен терапевтке қаралды. Донор болу талаптарына сай адамдардан ғана қан алынды.
Бұрын гемоглабинім төмен болып, учетта тұратынмын. Соңғы екі жылда гемоглабинім қалпына келіп, бүгін бірінші рет донор болдым. Менің қаным біреуге көмегін тигізіп жатса, әрине, қуанамын, – деді «Qazcontent» АҚ қызметкері Майра Мырзатхан.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 шілдедегі «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексіне сәйкес, өтеусіз донациялаудан өткен адамға орташа жалақысы сақтала отырып бір демалыс күн беріледі. Сондай-ақ донорлық функция жұмыс күні орындалса, қызметкер сол күні жұмыстан босатылады немесе жұмыста қалып, екі демалыс күнді еңбек демалысына қосып ала алады.
БАҚ қызметкерлері күні қарсаңында «Qazcontent» АҚ-да еңбек етіп жүрген үш қызметкерге пәтер сертификаттары салтанатты түрде табыс етілді.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүзеге асқан игі іс «Дара» президенттік бастамалар қорының және «Халық» қайырымдылық қорының демеушілігімен жүзеге асты. «Qazcontent» АҚ қызметкерлеріне пәтер кілтін Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай тапсырды. BAQ.KZ ақпарат агенттігінің бас редакторы Мөлдір Бекбергеноваға 2 бөлмелі, Бауыржан Жуасбаевқа 1 бөлмелі пәтер, дизайнер Яна Смоляроваға 1 бөлмелі пәтер сертификаттары берілді.
«Таңертең білдім үй берілетінін. Шыны керек сертификатты қолымызға тапсырмайынша сенбедік. «Qazcontent» АҚ-дағы жұмысымды штаттан тыс маман болып бастадым. Журналист, аудармашы, шығарушы редактор, бас редактордың орынбасары,бас редактор осы жолдың бәрін жүріп өттім.Компанияда 10 жылдан астам еңбек етіп келемін. Еңбегімізді бағалап, осынша құрмет көрсеткеніне алғысым шексіз», – деді BAQ.KZ ақпарат агенттігінің бас редакторы Мөлдір Бекбергенова.
Бауыржан Жуасбаевтың фотограф ретінде компанияда жұмыс істеп келе жатқанына 10 жылдан асқан.
«Журналистер тарихты жазса, менің сол тарихты суретке түсіріп келе жатқаныма біраз болды. Бүгін осы ұжымнан үй алғандардың барлығы сол үйге лайық жандар. Компанияға еңбегі сіңген қызметкерлер. Ал солардың еңбегін жоғары бағалап, осындай құрметке лайық деп таныған басшылыққа рақмет», – деді Бауыржан Жуасбаев.
Дизайнер Яна Смолярованың компанияда жұмыс істеп келе жатқынаны да 10 жылдан асқан.
«Университеттен кейінгі алғашқы салмақты жұмысым. Оған дейінде бір-ек жерде жұмыс істедім, бірақ аса ұзақ емес. Көп дүниелерді компанияда жүріп үйрендім, компаниямен бірге кәсіби тұрғыда өстім, дамыдым, әлі де даму жолындамын. Көбіне отбасылы адамдардың үй алып жатқанын көреміз ғой,маған да солармен бірге пәтер сертификаты берілгеніне қуаныштымын.Басшылық бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан қызметкерлерді ұсындық деп отыр, лайық деп санағандарына рақмет», – дейді Яна Смолярова.
Бұдан басқа «Qazcontent» АҚ Мәжілістің «Парламент сөзі» жүлдесін иемденді.
Біздің «Qazcontent» АҚ Мәжілістің «Парламент сөзі» жүлдесін иемденді. Бұл ортақ жеңіс. Мықты ұжымның арқасы! Сондай-ақ үш қызметкеріміз мемлекет тарапынан берілген баспанаға ие болды, – деді «Qazcontent» АҚ Басқарма төрағасы Бекзат Жүсіп.
Сонымен қатар Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінде Бұқаралық ақпарат қызметкерлері күні қарсаңында мемлекеттік құрылым қызметкерлерін марапаттау рәсімі өтті.
Құттықтау сөзінде Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі медиа қызметкерлерінің саланы дамытудағы қажырлы еңбегі мен қомақты үлесін атап өтіп, іс-шараның барлық қатысушыларына алғысын білдірді.
Салтанатты рәсімде BAQ.KZ AA бас редакторы Мөлдір Бекбергенова «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен, Құқықтық және кадрлық қамтамасыз ету басқармасының Бақтыгүл Миркалиева Құрмет грамотасымен, EL.KZ AA бас редакторы Лена Муратбек алғыс хатпен марапатталды.
«Жалпы еңбек өтілім 32 жыл, ал «Qazcontent» АҚ осымен бесінші жыл қатарынан жұмыс істеп келе жатырмын. Компаниядағы біраз жастардың кәсіби тұрғыда өскені, олардың алғаш жұмысқа келгендегі кездері бәрі көз алдымда. Осы жастармен қатар абыройымды асқақтатып берілген «Құрмет грамотасы» жаныма қуаныш сыйлады. Еңбегімізге әрқашан осылай лайықты деңгейде баға беріле берсін», – дейді Бақтыгүл Миркалиева.
Айта кетейік, «Qazcontent» АҚ – мемлекеттік ақпараттық саясатты іске асыратын медиа компания. Бүгінгі таңда компания алты ақпараттық ресурстарды біріктіреді. Бұл жаңалықтар сайттары – baigenews.kz, baq.kz және el.kz, тақырыптық порталдар – adebiportal.kz және e-history.kz, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің ресми сайты.
Компания ресурстары үш тілде қол жетімді: қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде.
El.kz ақпарат агенттігінің Youtube-тағы арнасына “күміс батырма” табысталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Мұндай батырма 100 мыңнан астам оқырман жинаған каналдарға беріледі. Қазір el.kz каналының оқырмандар саны 107 мыңға жетті. Қоғамдық, саяси, экономикалық ақпараттарды таратып жүрген канал ақпарат айдынында өз орнын алып үлгерді.
Америка Құрама Штаттарынан келген жүлдені алып, Qazcontent ұжымы зор қуанышқа бөленді.
Бұл – барлығымызға ортақ жеңіс. Журналистен бастап SMM мамандары, видеографтар, барлығымыздың ортақ еңбегіміз. Басқа сайттарымызға да жұғысты болсын! Бәріміз бірге ауызбіршілікте осындай керемет жетістіктерде бас қосып, құттықтап жүре берейік, – деді Qazcontent АҚ басқарма төрағасының орынбасары Бекен Қоныс.
Айта кетейік, El.kz ақпараттық агенттігі Qazcontent-тегі порталдар арасында мұндай көрсеткішке алғаш болып қол жеткізді.
100 мыңға жетеміз дедік. Үлкен еңбек. Алты айдың ішінде 55 мың жазылушы жинадық. Енді алтын батырмаға қол жеткізейік, – деді Qazcontent АҚ басқарушы директоры Махат Садық.
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлінің бұйрығымен Бекен Қонысов «Qazcontent» АҚ басқарма төрағасының орынбасары болып тағайындалды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
Бекен Қонысовты ұжымға «Qazcontent» АҚ басқарма төрағасы Бекзат Жүсіпов таныстырды.
Бекен Қонысов Түркістан облысы, Ордабасы ауданы, Төрткөл елді мекенінде 1975 жылы дүниеге келген.
Бұған дейін, «Егемен Қазақстан» АҚ интернет редакциясының жетекшісі, Шымкент қаласы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесі баспасөз қызметінің басшысы-баспасөз хатшысы, Ақпарат және қоғамдық даму министрінің көмекшісі қызметтерін атқарған.
«Qazcontent» АҚ Басқарма төрағасы болып Бекзат Бақбергенұлы Жүсіп тағайындалды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
Жаңа басшыны ұжымға Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі таныстырды. Сондай-ақ министр бұған дейін АҚ-ны басқарған Елдос Нәшірәліге табысты қызметі үшін алғысын білдірді.
Бекзат Жүсіп бүгінге дейін Премьер-министр кеңсесі басшысының орынбасары қызметін атқарған болатын.
Ол 1989 жылы Маңғыстау облысында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университетін, Шығыс Англия университетін тәмамдаған. «Болашақ» бағдарламасының түлегі.
Еңбек жолын 2006 жылы «Қазақстан» РТРК» АҚ Маңғыстау облыстық филиалында редактор қызметінен бастаған.
Әр жылдары Қызылорда облысы әкімінің баспасөз хатшысы – бас инспекторы, «Қазақстан» РТРК» АҚ Маңғыстау облыстық филиалының директоры, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік хатшысының Хатшылығы меңгерушісінің орынбасары сынды жауапты қызметтер атқарған.
Елордада БАҚ өкілдері арасында турнир өтті, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.
Додаға 8 команда қатысты.
Әу баста командалар жеребе бойынша екі топқа бөлінді.
«А» тобында «7 арна», «Айқын» газеті, «Qazcontent» агенттігі, «Комментатор» командалары ойнаса, «В» тобында «Atameken business» телеарнасы, «Хабар» Агенттігі, «Егемен Қазақстан» газеті және «Қазмедиа» орталығы өнер көрсетті.
Қос топтан жартылай финалға «Қазмедиа» – «7 арна», «Qazcontent» – «Atameken business» командалары шықты. Ал бас жүлдеге «Қазмедиа» мен «Qazcontent» таласты. Өте тартысты өткен ойын екі сетпен аяқталса да, командалар аянып қалған жоқ. Соңына дейін қайсысының жеңімпаз болары белгісіз болды. Дегенмен, бас кубок «Қазмедиаға» бұйырды. Үшінші орынды «Atameken business» ойыншылары еншілесе, жұбаныш жүлдесін «7 арна» алды.
БАҚ өкілдерінің басын қосқан турнирде ешкім жүлдесіз қалған жоқ. Чемпион команда 300 мың теңгеге ие болса, 2-орын иегері 200 мың теңгені еншілеп, үздік үштікті түйіндеген ұжым 100 мың теңгемен марапатталды. Тіпті, 4-орын алған командаға да жұбаныш ретінде 70 мың теңгенің сертификаты берілді. Сондай-ақ, 6 номинация бойынша жекелеген ойыншылар 40 мың теңгеден иеленді.
Айта кеткен жөн, турнир Зейнолла Сәнік атындағы Мәдениет қорының жүлдесі үшін “Хабар 24” телеарнасының 10 жылдық мерейтойына арналды.
SANIK CUP – 2022:
1-орын: Қазмедиа
2-орын: Qazcontent
3-орын: Atameken business
4-орын: 7 арна
Ерлер арасындағы үздік ойыншы: Есенбол Иманғазы (Хабар)
Қыздар арасындағы үздік ойыншы: Асема Абдраимова (Қазмедиа)
Құрмет номинациясы: Әскер Приев (Егемен Қазақстан)
Үздік шабуылдаушы: Аяулым Қанағат (Комментатор)
Үздік тосқауылшы: Эльдар Аманбаев (Qazcontent)
Үздік пас шығарушы: Анар Қоныс (Айқын)
Зейнолла Сәнік атындағы арнайы жүлде: Фариза Саржанова (Қазмедиа)