«Qazcontent» қызметкері креативті индустрияның жаңа мүмкіндіктері жайлы баяндама жасады

IV PR Room Creative Industries Forum медиа PR, кино, музыка индустриясы, digital және креативті бизнес өкілдерін креативті экономиканың инвестициялық әлеуеті мен өзекті трендтерін талқылау үшін бір алаңға жинады. Форум аясында қатысушылар стриминг платформаларының дамуы, YouTube пен TikTok-тың медиа нарыққа әсері, музыка индустриясының трансформациясы, заманауи PR құралдары және контентті монетизациялаудың жаңа мүмкіндіктері туралы пікір алмасты.

Іс-шара барысында креативті индустрияларды заманауи экономиканың негізгі драйверлерінің бірі ретінде дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сарапшылар digital-контентке, музыкалық продакшнға, киноиндустрияға және жаңа медиаға инвесторлардың қызығушылығы артып келе жатқанын атап өтті.

Qazcontent

Форумға «Qazcontent» креативті дирекциясының жетекшісі Нұрлан Нұрыш қатысты. Ол өз сөзінде креативті нарықты дамыту, сапалы визуалды әрі мағыналық контенттің маңызы туралы ой бөлісіп, цифрлық платформалар дәуірінде брендтер мен жобаларды ілгерілетудің жаңа тәсілдері жөнінде айтты.

Нұрлан Нұрыштың айтуынша, бүгінгі таңда креативті индустриялар мәдени ықпал етудің құралы ғана емес, сонымен қатар инвестиция тартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және халықаралық ынтымақтастықты дамытуға қабілетті экономиканың толыққанды секторына айналып отыр.

«Qazcontent» журналистері спартакиадада топ жарды

«Qazcontent» ұжымының қызметкерлері Астана қаласында Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты бағынысты ұйымдар арасында өткен спартакиадаға белсенді қатысты.

Біздің қызметкерлер шахмат, волейбол, тоғызқұмалақ, үстел теннисі, баскетбол және қазақ күресі секілді жарыстарда бақ сынап, жоғары белсенділік танытты.

Атап айтқанда, El.kz порталы бас редакторының орынбасары Рүстем Омаров шахматтан ерлер арасында І орын иеленді. Сондай-ақ, Baq.kz тілшісі Гүлжан Раманқұлова да тамаша өнер көрсетті. Ал командалық есепте ұжымымыз ІІ орынға тұрақтады. Сонымен қатар, тоғызқұмалақ бойынша Креативті контент дирекциясының сценарист-редакторы Томирис Қазыбекова жүлделі ІІІ орынға ие болса, командалық есепте командамыз ІІ орынды қанжығасына байлады.

«Qazcontent» Maqsut Narikbayev University студенттеріне «Ашық есік» экскурсиясын өткізді

«Qazcontent» Maqsut Narikbayev University журналистика факультетінің студенттеріне «Ашық есік» экскурсиясын өткізді. Іс-шара барысында студенттер медиа-холдингтің жұмысымен танысып, заманауи цифрлық журналистиканың ерекшеліктері туралы ақпарат алды.

Экскурсия аясында қатысушылар редакция бөлімдерін аралап, контент әзірлеу процесін, жаңалықтарды жариялау тетіктерін және мультимедиалық платформалардың жұмысын көрді. Сонымен қатар, компания мамандары тәжірибелерімен бөлісіп, медиа саласындағы қазіргі трендтер мен кәсіби талаптар жөнінде әңгіме өрбітті.

Кездесу соңында студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, тәжірибеден өту және болашақтағы мансап мүмкіндіктері туралы мәлімет алды. Экскурсия болашақ журналистер үшін теориялық білімді тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік берген маңызды танымдық алаңға айналды.

 

«Qazcontent» басқарма төрағасы Айна Задабек халықаралық Business Technology Expo 2026 форумына қатысты

Астанада халықаралық Business Technology Expo 2026 форумы өз жұмысын бастады. Форумның іскерлік бағдарламасы аясында қатысушылар бизнеске арналған жасанды интеллект, Data Science және Agentic AI, цифрлық трансформация, HR-tech, маркетинг және бизнес-процестерді автоматтандыру тақырыптарын талқылауда. Негізгі назар AI технологияларын басқару, қаржы, сату және операциялық қызметте қолдану, гибридті AI-архитектураларды дамыту, үлкен деректермен жұмыс, бұлтты жүйелер және маркетингтік жекелендіру мәселелеріне аударылған.

Айна Задабек өз баяндамасын қазіргі медиа кеңістіктегі ең өзекті мәселелердің бірі – фейк ақпараттың таралуы және ақпаратты тексерудегі жасанды интеллекттің рөліне арнады. Ол ақпараттың өте жылдам таралатын кезеңінде редакциялар үшін контенттің жеделдігімен қатар оның нақтылығы мен сенімділігі ерекше маңызға ие екенін атап өтті.

Оның айтуынша, бүгінде жасанды интеллект медиаиндустрия үшін маңызды құралға айналып отыр. «Qazcontent» компаниясында 2024 жылдан бастап контент жасау, фактчекинг, деректерді өңдеу және аудиториямен өзара байланыстың жаңа форматтарын дамыту бағытында AI-шешімдер енгізілуде.

Мысал ретінде E-History.kz порталы аталды. Онда жасанды интеллект технологияларын қолдану арқылы материалдар көлемін арттырып, шағын редакциялық құраммен ғана аудиторияның белсенділігін күшейтуге мүмкіндік берген.

Сондай-ақ, баяндама барысында фейк ақпаратпен күрес мәселесіне де ерекше назар аударылды. Басқарма төрағасы жасанды интеллект қарқынды дамып жатқан кезеңде ақпарат көздерін тексеру, деректердің шығу тегін талдау және олардың шынайылығын сыни тұрғыдан бағалау дағдылары аса маңызды болып қала беретінін атап өтті.

«Qazcontent» ұжымының қыздары ер азаматтарды Отан қорғаушылар күнімен құттықтады

Мерекелік шара барысында әріптестеріне ізгі тілектер айтылып, сый-сияпаттар табысталды.

Қыз-келіншектер ер азаматтарға мықты денсаулық, отбасылық бақыт, ел тыныштығы мен қызметтеріне табыс тіледі.

Салтанатты жиын көтеріңкі көңіл-күйде өтіп, ұжым мүшелері бір-біріне құрмет пен сыйластықтарын білдірді.

«Qazcontent» журналистері Президенттің Алғыс хатымен марапатталды

Қазақстан Республикасының Конституциясы жобасын сапалы әзірлеуге, сондай-ақ оны қабылдау жөніндегі жалпыхалықтық референдумды ұйымдастыру мен өткізуге белсенді атсалысқан бірқатар БАҚ өкілдері Президенттің Алғыс хатымен марапатталды.

Осы ретте «Qazcontent» құрамындағы журналистер де жоғары марапатқа ие болды. Олардың қатарында Олжас Адай, Қаламқас Нысанбай, Марк Брюшко және Ербол Бекболат бар.

«Qazcontent» Kazakhstan Fashion Week-ке ақпараттық қолдау көрсетті

Kazakhstan Fashion Week 38-маусымының медиасеріктесі ретінде «Qazcontent» кең ауқымды ақпараттық қолдау көрсетті. Сән апталығындағы негізгі оқиғалар мен қатысушылар туралы қызықты хабар тарату арқылы аудитория назарын аударды.

Kazakhstan Fashion Week  жаңа маусымы бір алаңда Қазақстаннан 17 дизайнерді, сондай-ақ Ресей, Грузия, Түркия және Өзбекстаннан келген қонақтарын біріктірді.

Қатысушылар қатарында Aida KaumeNOVA, Aliya Abdimazhit, AlexChzhen, ShakerBaY, Naiyl Baikuchukov, Samidel, KAMALINI, Zefi, ARUNAZ, Ozge, Aline, Liliya Dulat, EMRE ERDEMOGLU, JS Sence, Hamo және Ingorokva бар.

Маусымның салтанатты ашылуын Динара Сатжан жүргізіп, бүкіл бағдарламаға ерекше серпін берді.

Биыл шығармашылық индустрияны дамытуға ерекше назар аударылды. Қатысушылар дизайнерлер үшін қолайлы орта қалыптастырудың маңыздылығын атап өтіп, Астана сән индустриясының даму бағытын айқындайтын орталық мәртебесін нығайтуы тиіс деген сенім білдірді.

Маусымның негізгі тақырыбы адамның ішкі әлемі болды, оның еркіндікке ұмтылысы, мінез күші және өзін-өзі тану жолы.

Осылайша, 38-маусым Kazakhstan Fashion Week дәстүрлі көрсетілімдер шеңберінен шығып, әрбір коллекция уақыт, тұлға және таңдау туралы дербес ой білдіретін көпқырлы кеңістікке айналды.

«Qazcontent» журналисі, жазушы Жадыра Шамұратованың әдеби кеші

25 сәуір күні Astana Eurasian book fair 2026 кітап көрме-жәрмеңкесінде жазушы, «Qazcontent» қызметкері Жадыра Шамұратовамен әдеби кездесу кеші өтті.

Жазушымен жүздесу барысында автордың «Фолиант» баспасынан шыққан «Секундтар арасындағы шексіздік» кітабының тұсауы кесілді.

Оқырмандар «Ашық микрофон» форматында ұйымдастырылған кеште Жадыра Шамұратованың шығармалары туралы пікір білдіріп, өз ой-толғамдарын жеткізді.

«Секундтар арасындағы шексіздік» новелласында Сирияға кеткен баласын іздеп, қиындыққа тап болған ананың жан айқайы мен шексіз күту азабы суреттеледі.

Кітапқа авторлың басқа да прозалық шығармалары еніп отыр. Жадыра Шамұратова бұл жинақта заманауи прозаның өзекті мәселелерін, адам тағдырының күрделілігін көтереді.

«Qazcontent» өңірлік экологиялық саммит аясында RES 2026 EXPO халықаралық көрмесінің медиасеріктесі болды

Іс-шара тұрақты даму және «жасыл» экономика мәселелерін талқылауға арналған маңызды алаңға айналды. Ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және Орталық Азия елдерінің мемлекет басшылары қатысып, көрменің жоғары халықаралық деңгейін айқындады.


Ұйымдастырушы ретінде Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі, Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығының қолдауымен жұмыс жүргізді.

Көрмеге 30 елден 300-ден астам компания, 1500-ден астам делегат және 20 000-нан астам келуші қатысты. Алаң мемлекеттік органдар, бизнес және ғылыми қауымдастық өкілдерін біріктіріп, озық экологиялық технологиялар мен инновациялық шешімдерді ұсынды.

Медиасеріктестік шеңберінде «QAZCONTENT» АҚ көрменің басты іс-шараларын, оның ішінде ашылу салтанатын, іскерлік бағдарламаны және халықаралық сарапшылардың баяндамаларын жедел түрде жариялап, форумның мақсаттары мен қорытындылары туралы ақпараттың кеңінен таралуына үлес қосты.

Елордада IX «Astana Eurasian Book Fair – 2026» халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі өтіп жатыр.

Көрмеге елімізден бөлек, Ресей, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Моңғолия, Испания, Қытай, Иран, Беларусь, Португалия, Венесуэла және Ұлыбритания елдерінен қатысушылар келген.

Шара аясында Халық жазушысы, ақын Мұхтар Шахановтың шығармашылығына арналған «Ғасырдың ғаламат ақыны» көрмесі ұсынылды.

IX Astana Eurasian Book Fair аясында «Ұлттық кітап» байқауының қорытындысы шығарылып, үздік шығармалар анықталды.

Қаламгерлерді қолдау мақсатында Президенттік әдеби сыйлық, «Қазақстанның халық жазушысы» атағы және «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығы тағайындалған.

Ұлттық кітап күніне орай өткізілген іс-шаралардан Qazcontent АҚ құрамындағы «Әдебиет порталы» тұрақты түрде ақпарат таратып отыр.

Айта кетейік, кітап апталығы аясында ел көлемінде өткен іс-шараларға 200 мыңға жуық адам қатысты.