«Qazcontent» АҚ қызметкерлеріне пәтер кілті табысталды

«Qazcontent» АҚ-да еңбек етіп жүрген үш қызметкерге пәтер кілті табысталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Еске сала кетсек, БАҚ қызметкерлері күні қарсаңында «Qazcontent» АҚ қызметкерлеріне пәтер сертификаттары берілген болатын.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүзеге асқан игі іс «Дара» президенттік бастамалар қорының және «Халық» қайырымдылық қорының демеушілігімен жүзеге асқан еді. «Qazcontent» АҚ қызметкерлеріне пәтер кілтін Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай тапсырды. BAQ.KZ ақпарат агенттігінің бас редакторы Мөлдір Бекбергеноваға 2 бөлмелі, Бауыржан Жуасбаевқа 1 бөлмелі пәтер, дизайнер Яна Смоляроваға 1 бөлмелі пәтер сертификаттары берілді.

BAQ.KZ ақпарат агенттігінің бас редакторы Мөлдір Бекбергенова құжат пен кілтті берсе де, сене алмай жатқанын айтады.

Қазіргі таңда үйді көруге бара жатырмыз. БАҚ күні қарсаңында ұзақ жылғы еңбегімізді бағалап, осынша құрмет көрсеткеніне алғысым шексіз, – деді Мөлдір Бекбергенова.

Тағы бір пәтер иесі «Qazcontent» дизайнері Яна Смолярова өз әсерімен бөлісті.

Әрине, бірден үйге барғым келеді. Бірақ қазір жұмыс істеп отырмын. Ойымның бәрі пәтерде, үйге өз аяғыммен барып кіруге асықпын, – деді ол.

Сондай-ақ «Qazcontent» АҚ Мәжілістің «Парламент сөзі» жүлдесін иемденді. Онымен қоса Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығында қазконтенттіктер қан тапсырған болатын. Астананың 25 жылдық мерейтойына ұйымдастырылған сайыста Qazcontent қызметкері үздік мобилограф атанған еді. 

Айта кеткен жөн, «Qazcontent» АҚ – мемлекеттік ақпараттық саясатты іске асыратын медиа компания. Бүгінгі таңда компания алты ақпараттық ресурстарды біріктіреді. Бұл жаңалықтар сайттары – baigenews.kz, baq.kz және el.kz, тақырыптық порталдар – adebiportal.kz және e-history.kz, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің ресми сайты.

Компания ресурстары үш тілде қол жетімді: қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде.

«RUH.KZ» ақпараттық-танымдық порталының Бас редакторы тағайындалды

«RUH.KZ» ақпараттық-танымдық порталының Бас редакторы қызметіне Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, ақын Арман Шеризат тағайындалды.

Ол бұған дейін «Әдебиет порталы» интернет-жобасында, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде тілшілік қызметтер атқарып, мол тәжірибе жинақтаған маман. Журналистік жолда әдеби, танымдық мақалалары мен «Бір суреттің тарихы» видеосұхбаты, «Еркін сөз» аудиоподкасты арқылы көзге түсті. Әдебиеттегі қадамын өлеңнен бастап жастай шығармашылық жолды таңдаған азамат бүгінде «Тәңірқұт», «Күміс шық» атты қос бірдей жыр жинақтың авторы.

«Ruh.kz» ақпараттық-танымдық сайты  2017 жылдың қыркүйек айында құрылып, «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтына 2020 жылғы 4 мамырда берілді.

Портал жұмысының негізгі мақсаты – идеологиялық құндылықтарды насихаттау.

Сайт контенті интеллектуалды, мәдени және рухани бағыттағы тақырыптарды қамтитын материалдардан тұрады. Жарияланатын материалдардың негізгі форматы – елдің тарихи-мәдени дамуына ерекше үлес қосқан көрнекті қайраткерлер мақалалар, фоторепортаждар, бейне бағдарламалар мен инфографикалар. Жанрлары: жаңалықтар, мақалалар, сұхбаттар және т.б. Сонымен қатар, сайтта танымдық авторлық мақалалар, жастар, экология, ғылым, технологиялар, волонтерлік және жастардың әлеуетін дамытуға, оларды бәсекеге қабілеттілік пен патриотизмге бағыттайтын материалдар жарияланады.

2020 жылы сайтты жаңарту және оның функцияларын жетілдіру бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді, контент ескі нұсқадан сайттың жаңа платформасына толығымен көшірілді, жаңа бөлімдер құрылды. Қазіргі уақытта осы бағыттағы жұмыстар жалғасуда.